Популярные тэги

Тілге құрмет – елге құрмет: қай мемлекет елшілері қазақша тіл сындырды?

Қазақстанға қызмет бабымен келген шетел дипломаттарының тілімізді үйренуінің астарында не жатыр?


19/02/2026
10:05 113 0

фото:ЖИ

 

Жуырда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М.Стаффт қазақ журналистерін жинап, баспасөз мәслихатын өткізді. Сол жиында дипломатқа қазақ тілін үйрену ниеті жайлы сұрақ қойылды. Джули М.Стаффт қазақшаны үйренуге тырысып жатқанын, қоластындағы қызметкерлердің де қазақтың тілін меңгеруін қадағалайтынын айтты.

 

Осы орайда Masa media тілшісі Қазақстанға қызмет бабымен келіп, тілімізді үйренген шетел елшілерін еске түсірді.

 

Дэниел Розенблюм

 

Мінберлерде қазақша сөйлеп, қазақстандықтардың ыстық ықыласына бөленген АҚШ-тың бұрынғы елшісі Дэниел Розенблюм – топтамамыздың төрінен орын алуға лайық адам. Ол 2022 жылдың қарашасынан 2025 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасын жандандыруға күш салды. БАҚ-пен байланысын үзбей, сұхбаттарда шамасы келгенше қазақша жауап беруге тырысқаны тілшілердің ішін жылытпай қоймайтын. Елімізбен қоштасарда ол АҚШ мемлекеттік департаментіндегі 28 жылдық еңбек жолын тәмамдайтынын мәлімдеді.

 

«Қазақстанда АҚШ елшісі болу – мен үшін өмірімдегі ең үлкен құрметтердің бірі. Мен Қазақстан халқымен жақынырақ танысып, елдің барлық өңірлерін аралап, оның ерекше тарихы жайлы көп нәрсе білгеніме қуаныштымын. Осында тұрған уақытымда елдің бай мәдениеті мен дәстүрлеріне терең құрметпен қарадым», – деп ағынан жарылды Розенблюм.

Көпті көрген  дипломаттың тіл мен ділге құрметін елге құрметтің ең жоғары дәрежесі деп ұққан қазақстандықтар да оны қимай шығарып салды.

 

Уильям Мозер

 

Розенблюмге дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған Уильям Мозер де қазақ тілін үйренуді өзіне жүктелген миссияның маңызды бөлігі деп қарады. Карантинде елшіліктегі ұстазынан сабақ алып жүргенін елшіліктің желідегі парақшасында жиі бөлісетін.

 

 

Кішіпейілдігімен көзге түскен Мозер мырзаның Абайдың өлеңдерін оқу эстафтасын қабылдап, ұлы ақынның «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін оқығанынан, Наурызда қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен қазақ тілінде құттықтағанынан саяси астар іздегендер де аз болған жоқ. Десе де, АҚШ-тай алпауыт державадан келдім деп шікіреймей,  сөйлеуге ерінетін кейбір елшілер секілді мұрнын көкке шүйірмей, достық пейілін көрсеткені Қазақстан халқының ықыласын оятты.

 

Марк Муди

 

2015-2018 жылдары АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы болған Марк Мудидің де қарапайымдылығы мен қазақ мәдениетіне құрметі көпке дейін ел аузында жүрді. Халықаралық әйелдер күнінде Алматының аруларына гүл үлестіріп, мерекелік лебізін қазақша жеткізген дипломаттың әрекеті желіде қызу талқыға түскен. 

 

 

Өзгелер секілді бес-алты сөзді жаттап алумен шектелмей, тілді жетік меңгеруге мүдделі болған елші қазақшаны Вашингтонда жүріп үйрене бастаған. Аптасына 5 күн бойы 5 сағаттан уақытын арнаған. Қазақстанға келген соң да мұғалім жалдап, қазақ тілін үзбей оқыған. Ақырында мақсатына жетті. 2018 жылы елдегі дипломатиялық қызметі аяқталар шақта берген сұхбатында Муди қазақша еркін сөйлеп тұрды.

 

Михал Лабенда

 

Қазақстандағы Польша елшісі Михал Лабенда қазақ тілін қазақтан кем білмейді.  Дипломат әлеуметтік желідегі парақшасын тек қазақ тілінде жүргізеді. Былтыр Мемлекеттік басқару академиясында қазақ тілінде дәріс оқып, көпшілікті таңғалдырған. Торайғыров университетінде де қазақша жасаған баяндамасы ел аузында жүрді.

52 жастағы дипломат қазақ тілін 1990-жылдардың басында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүрген кезінде меңгерген.

«Мен жатақханада Монғолия, Қытай, Ираннан келген этникалық қазақтармен бірге тұрдым. Олар орыс тілін араластырмай, таза қазақша сөйлейтін. Мұндай ортада жүруім тілді тез меңгеруіме көмектесті. Нәтижесінде Шығыстану факультетін қазақ тілінде бітірдім», - деп еске алады елші. 

 

Оқу бітірген соң қаншама елде өмір сүріп, бірнеше қызмет ауыстырса да, Михал Лабенда қазақ тілін ұмытпаған.

«Шынымды айтсам, маған қазақ тілі өте ұнайды. Ал тілді ұмытпауымның бір себебі – мен қызметте де, дипломатиялық қарым-қатынаста да қазақ тілін қолданамын. Жүрген-тұрған жерімде тілді ұмытпау үшін қазақтармен аралас-құралас болдым. Оның үстіне қазір, құдайға шүкір, қазақ тіліндегі контент те көбейді. Әлеуметтік желіден қазақша ақпарат, жаңалық оқып тұрамын. Мәселен, инстаграмда менің қазақша арнам бар. Соған жазылыңыздар, қазақша коммент жазыңыздар. Егер қате тауып алсаңыздар, ұсыныс-пікірлеріңіз болса, жазыңыздар, риза боламын», - дейді ол ағынан жарылып.

Айтпақшы, Польша елшісі өзінің ана тілі және қазақ тілінен бөлек әлемнің 8 тілінде еркін сөйлейді, тағы төрт тілді базалық деңгейде біледі.

 

Кэти Лич

 

Қазақ тілін Қазақстандағы елші қызметіне кіріспей тұрып үйрене бастаған тағы бір дипломат – Кэти Лич. Ол 2021-2025 жылдары Ұлыбританияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Дипломатиялық қызметінен қолы қалт еткенде  Ұлттық музейді аралап, театрлардағы қазақша қойылымдарды тамашалаған Лич ханым қазақтың тарихы мен өнерін тереңірек тануды мақсат еткен. Тіл оқуды тоқтатпаймын деген ниеті сол мақсаттан туғанын айтқан еді.

 

«Қазақ тілі – қиын тіл! Бірақ мұндай қызықты тілді үйренудің артықшылығы да бар. Қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін әлі ұзақ еңбек етуім керек. Бірақ жаттыға беруге бел будым. Қазақ тілін жетік меңгеру, әрине, маған Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы әлдеқайда көбірек білуге көмектеседі деген ойдамын», - деді Кэти Лич қазақ журналистеріне.

Кэролин Браун

 

Ұлыбританияның Қазақстандағы тағы бір экс-елшісі Кэролин Браунның қазақ тілін үйрену тәжірибесі тіпті таңданарлық. Ол небары үш айда қазақша тіл сындырған.

 

 «Мен министрлік жетекшілігіне өзімнің үш ай ішінде қазақ тілін үйренетінімді айтып сендірдім. Бұл уақытта түбегейлі тілді меңгеру мүмкін емес. Алайда, сөйлей алмағаннан гөрі біршама үйренуге болады. Бастапқыда Лондонда тұратын қазақ мұғалімдерімен жұмыс істедім. Оның бірі қызылордалық, бірі қарағандылық болды. Сондықтан екеуінің тілінен айырмашылық байқауға болатын еді. Әсересе, “к”, “қ”, “ы”, “і”» әріптерін үйрену оңайға соққан жоқ», – деген еді елші.

 

 

Браун ханым елдегі қызметі барысында қазақтың тілімен қоса салт-дәстүрі мен тамақтану мәдениетін де сіңірген.

«Британдықтар жылқы етін жемейді. Сіз Лондон көшесінен бір британдықты тоқтатып, жылқы етін ұсынсаңыз, ол қатты таңғалатын еді. Бірақ мен Қазақстанда тұрып, жылқы етін жеп үйрендім. Өйткені оның пайдалы, құрамында холестерині аз, дәмі тіл үйірер тағам екенін білем. Өзім британдық болсам да, қазақтар секілді жылқы етін жеймін», – деді ол бір сұхбатында. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

19/02/2026 10:05
113 0

Уведомление